Еуро-2020: Кипр құрамасын жеңе аламыз ба

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы 2020 жылғы Еуропа біріншілігі іріктеу сатысындағы бесінші ойынын сырт алаңда Кипрмен өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еуро-2020: Кипр құрамасын жеңе аламыз ба

Естеріңізге сала кетелік, біздің құрама I тобында сынға түседі. Қарсыластары - Бельгия, Ресей, Шотландия, Сан-Марино және Кипр құрамалары. Бүгінге дейін біздің футболшылар төрт ойын өткізді. Алдымен 21 наурызда өз алаңында Шотландияны 3:0 есебімен ойсырата жеңсе, одан кейін 24 наурызда Ресейге 0:4 есебімен жол берді . Ал 8 маусымда сырт алаңда Бельгиядан 0:3 есебімен жеңілсе , 11 маусымда елордада Сан-Мариноны 4:0 есебімен тізе бүктірді . Ал Кипр Сан-Маринодан 5:0 есебімен басым түсіп, одан кейін Бельгиядан 0:2, Шотландиядан 1:2, Ресейден 0:1 есебімен жеңілді.

Кипр құрамасы бүгінгі күнге дейін әлем және Еуропа біріншілігінің финалдық сатысында бақ сынап көрген жоқ. Кипр футболшылары алғашқы ресми ойынын 1958 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде Израиль құрамасына қарсы өткізу тиіс болатын. Дегенмен бұл ойын өткізілген жоқ. Кипр құрамасы виза мәселесіне байланысты Израильге бара алмады. Оларға техникалық жеңіліс жазылды. Ұзақ жылдар бойы кипрлік футболшылар әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде жеңіске жете алмай келді. 1973 жылдың 14 ақпанында Солтүстік Ирландия құрамасын тізе бүктіріп, осылайша дүбірлі дода барысындағы алғашқы жеңісін тойлады.

Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңіндегі алғашқы ресми ойынын 1966 жылдың 3 желтоқсанында өз алаңында Румынияға қарсы өткізген болатын. Дегенмен бұл кездесуде қарсыласымен лайықты ойын көрсете алған жоқ. Румыния құрамасынан 1:5 есебімен жеңіліп қалды. Жеңіліс сериясы төрт ойынға жалғасты. 1968 жылдың 17 ақпанында Швейцария құрамасынан 2:1 есебімен басым түсті.

1994 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде Кипр құрамасы тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Бұл жолы олар ұпай қоржынын молайтты. Сол кезеңдегі мықтылар қатарында саналатын Чехословакиямен тең түсіп, өз жанкүйерлерін қуанта түсті. Ал 1998 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу сатысында өз алаңында азулы Испанияны 3:2 есебімен сүріндірді. Сондай-ақ, 2004 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу сатысында олардың екінші орын алуына мүмкіндігі туындаған еді. Дегенмен өздерінің көздеген мақсатына жете алған жоқ.

Қазақстан мен Кипр құрамалары бұған дейін екі мәрте жолдастық кездесу өткізді. Алғашқысында 2004 жылдың 21 ақпанында Кипр халықаралық турнирінде жолығып, біздің құрама алаң иелерінен 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Одан кейін 2017 жылдың 22 наурызында сол елде жолдастық кездесуде шеберлік байқасты. Бұл кездесуде 1:3 есебімен қарсыласымызға есе жіберген едік. Ендеше, бүгін Қазақстан құрамасы жеңіске жеткен жағдайда ол тарихи жеңіс ретінде бағаланады. Сондай-ақ, екі құрама 10 қазанда елордада тағы бір ойын өткізеді.

Екі құрама деңгейі қатарлас. Турнир кестесіндегі жағдайымызда жақсартамыз десе, біздің жігіттер бүгінгі кездесуде жақсы ойын өрнегін көрсетуі тиіс.

Бүгінгі кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 22.00-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, бүгін біздің топта Шотландия мен Ресей, Сан-Марино мен Бельгия құрамалары кездеседі.