EURO - 2024: Австрия Польшадан басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының сегізінші ойын күні, 21 маусымда D тобындағы Австрия Польшадан басым түсті.

Австрия - Польша
Фото: championat.com

Алғашқы турда екі құрама да жеңілістің ащы дәмін татты. Алдымен Польша Нидерландқа 1:2 есебімен жеңілсе, одан кейін Австрия Францияға 0:1 есебімен есе жіберді.

Бүгінгі ойын барысында австриялық футболшылар жеңіске жетуге күш салды. Ойынның 9-минутында Гернот Траунер есеп ашты.

Оған польшалық құрама жылдам жауап қайыруға тырысты. Бұл мақсатына 30-минутта жете алды. Олардың қатарынан Кшиштоф Пёнтек қақпаны дәл көздеп, таразы басын теңестірген еді.

Ал екінші кезеңде австриялық футболшылар тағы екі гол соғып, кездесу тағдырын шешті. Олардың қатарынан Кристоф Баумгартнер 66-минутта басымдықты арттырса, Марко Арнаутович 78-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Осылайша Австрия қарсыласын 3:1 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартып алды.

Бұл топтағы Нидерланд және Франция кездесуі 00.00-ге белгіленген.

Еске салсақ, бұдан бұрын Е тобында Украина құрамасы Словакияны 2:1 есебімен жеңді.

 

Соңғы жаңалықтар