EURO 2024: Румыния мен Бельгия плей-офф сатысына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында Румыния мен Бельгия плей-офф сатысына шықты.

26 маусымда алдымен Е тобындағы құрамалар сынға түсті.
Олардың бәрінің жарысты жалғастыруға мүмкіндігі бар еді.
Құрамалар бір-бірден жеңіске жетіп, үш ұпайдан олжалаған-ды. Десе де Румыния мен Бельгияның доп айырмасы жақсы болатын.
Румыния үшінші турда Словакиямен кездесті. Ойын барысында 24-минутта словакиялық Ондрей Дуда есеп ашты.
Ал 37-минутта румыниялық Рэзван Марин пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Тағы бір кездесуде Украина мен Бельгия құрамалары ойнады.
Бельгиялық футболшылар үшін бүгінгі ойында тең түссе, плей-офф сатысына жолдаманы қалтаға басатын.
Ойын барысында есеп ашылған жоқ. Құрамалар 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Бұл топта барлық құрама төрт ұпайдан жинады.
Доп айырмасы бойынша Румыния мен Бельгия плей-офф сатысына жолдама алса, үшінші орында тұрған Словакия үздік көрсеткішімен жарысты жалғастыра алады.
Енді 00.00-де F тобында Грузия мен Португалия, Чехия мен Түркия кездеседі.
Қазірге дейін плей-офф сатысына Швейцария, Италия, Германия, Дания, Англия, Испания, Франция, Португалия, Австрия құрамалары жолдама алды.
Еске салсақ, бұдан бұрын D тобында Австрия Нидерландтан 3:2 есебімен басым түссе, Франция мен Польша 1:1 есебімен тең ойнады.