Еурокомиссия президенті Израиль премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті
АСТАНА. KAZINFORM - Еурокомиссия Президенті У.Ляйен Израиль премьер-министрі Б.Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен әлеуметтік желі арқылы мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

- Біз Таяу Шығыстағы оқиғаларды алаңдаушылықпен бақылап отырмыз. Мен бейбітшілікке, тұрақтылыққа және деэскалацияға әкелетін дипломатиялық күш-жігерге деген адалдығымызды растадым.
Осы тұрғыда мен Израильдің өзін-өзі қорғауға құқығы бар екенін атап өттім. Иран аймақтық тұрақсыздықтың негізгі көзі болып табылады.
Еуропа әрқашан айқын болды: Иран ешқашан ядролық қаруды ала алмайды.
Келіссөздер шешіміне қатысты шұғыл қажеттілік бар.
Біз Иранның ядролық және баллистикалық зымыран бағдарламаларына үнемі алаңдаушылық білдіреміз. Біз Газаны да талқыладық.
Газадағы гуманитарлық жағдай қолайсыз. Мен мұқтаж азаматтарға барлық гуманитарлық көмекті дереу жеткізуге шақырғанымызды қайталадым.
Соғыс қимылдарын біржола тоқтату үшін атысты тоқтату режимін қалпына келтіру және кепілге алынған адамдарды дереу босату қажет, - делінген Еурокомиссия президентінің мәлімдемесінде.
Бұған дейін Еуроодақ Израиль мен Иран арасындағы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Иран аумағына жаппай соққы жасаған. Оған жауап ретінде Тегеран жүзден астам дронды Израиль бағытына ұшырды. Иран Натанздағы ядролық нысанның зақымданғанын растады, алайда радиацияның таралуын жоққа шығарды.
БҰҰ-дағы Иран өкілі Израильдің әуе соққылары салдарынан 78 адамның қаза тапқанын, тағы 320-дан астам адамның жарақат алғанын мәлімдеді. Қаза болғандар қатарында Иранның жоғары әскери басшылығы мен жетекші ғалымдар бар.
Сондай-ақ Израильдің шабуылынан кейін Иран Ормуз бұғазын жабу мүмкіндігін қарастырып жатқанын Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комитет мүшесі Эсмаил Косари хабарлады.
Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздерге арағайындық жасап жүрген Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди Маскатта жексенбі күні өтуі тиіс кездесудің өтпейтінін растады.
Иран Президенті Эммануэль Макронмен сөйлесу кезінде Израиль шабуылдарын тоқтатпайынша АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізілмейтінін мәлімдеді.
Axios мәліметінше, Израиль АҚШ-ты Иранмен соғысуға шақырады.
Израиль соққыcынан Ислам революциясы Қамқоршылар корпусының барлау басшысы мен орынбасары қаза тапты.