Еуропа чемпионаты: Англия мен Дания жарысты жалғастырады

футбол
Фото: instagram.com/euro2024

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында плей-офф сатысына шыққан тағы үш құрама анықталды.

C тобындағы барлық құраманың жарысты жалғастыруға мүмкіндігі бар еді.

Десе де олардың арасында Англия құрамасы екі ойында төрт ұпай жинап, жолдамаға қол жеткізуге бір табан жақын тұрған-ды. 

Есесіне Словения небәрі екі ұпайды қанағат тұтып, жағдайын қиындатып алды. Әйткенмен олар Англиямен ойында жеңіске жетсе, плей-офф сатысына шығуына жол ашылатын.

Матч барысында есеп ашылған жоқ. Құрамалар 0:0 есебімен тең түсті. 

Тағы бір ойында Дания мен Сербия ойнады.

Дат футболшылары екі кездесуде де тең ойынды місе тұтты.

Соның салдарынан жарысты жалғастыру үшін оларға тек жеңіске жету талабы алда тұрды.

Дегенмен тоқсан минут бойы құрамалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Ойында 0:0 есебі тіркелді.

Бұл топтан әзірге Англия мен Дания құрамалары плей-офф сатысына жолдама алды.

Ал Словения алда үшінші орын алғандар арасында үздік көрсеткішімен жарысты жалғастыруға мүмкіндік алуы мүмкін.

Еске салсақ, 25 маусымда D тобында Австрия Нидерландты 3:2 есебімен тізе бүктірсе, Франция мен Польша 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Енді 26 маусымда Е тобында Словакия мен Румыния, Украина мен Бельгия құрамалары кездеседі.

Ал F тобында Чехия мен Түркия, Грузия мен Португалия шеберлік байқасады. 

Соңғы жаңалықтар