Еуропада COVID-19 және тұмауға арналған жалған тест үлгілері анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропа нарығына COVID-19 және тұмауға арналған біріктірілген жалған тест үлгілері түскен. Бұл туралы Kazinform меншікті тілшісі хабарлайды.
Euronews мәліметінше, Қытайдағы өндіруші «FCO24090516» партиясымен таратылған тестілердің жалған екенін растаған.
Португалия билігі коронавирус пен A+B тұмауын қатар анықтауға арналған өзіндік тестілеу жинақтарының жалған нұсқалары таралып жатқаны туралы ескерту жібергеннен кейін Испанияның Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар жөніндегі агенттігі тиісті хабарлама алған.
Түпнұсқа өнім Қытайдың Ханчжоу қаласында орналасқан Safecare Biotech компаниясында өндірілген. Алайда анықталған үлгілерде FCO24090516 партия нөмірі көрсетілген, ал бұл нөмірді компания контрафакт деп таныған.
Испанияның AEMPS агенттігі ел аумағында бұл өнімдердің таралуын анықтау мақсатында тексеру жұмыстарын бастағанымен, әзірге аталған жалған тестілердің елдегі дәріханаларға немесе дистрибьюторларға түскені туралы дәлелдер жоқ.
Аталған тестінің FCO-6032 артикулымен шығарылған заңды нұсқалары да бар, бұл олардың сыртқы белгілері бойынша бірден ажыратылуын қиындатады.
Жалған тестілердің үш айқын айырмашылығы анықталған: өнімге өзгертілген мәліметтері бар жапсырма жапсырылған, партия нөмірі FCO24090516 деп көрсетілген, өндірілген уақыты — 2024 жылғы қыркүйек, жарамдылық мерзімі 2026 жылғы қыркүйек деп белгіленген.
Қазақстанда биылғы эпидемиологиялық маусым басталғалы, яғни 1 қыркүйек пен 29 қазан аралығында коронавирус инфекциясының 74 жағдайы тіркелген.