Еуропаға бағыт алған өзбекстандық ұшақтар Ресейді айналып өтіп жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Uzbekistan Airways компаниясының ұшақтары 20 қаңтардан бері Ресейді айналып өтіп, Еуропаға рейс орындап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.  

Еуропаға бағыт алған өзбекстандық ұшақтар Ресейді айналып өтіп жатыр
Фото: Өзбекстанның Көлік министрлігі

Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Uzbekistan Airways ұлттық компаниясының төрағасы Шухрат Худайкулов айтты.

10 қаңтарда Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Самара және Екатеринбург қалаларына рейс жасауды шектеу қажеттігін мәлімдеген болатын.

- Бұрын біздің Еуропаға бағытталған барлық рейстер Ресей арқылы өтетін. Алайда, 20 қаңтардан бастап ұшу бағытын толық өзгерттік. Қазір рейстер Әзербайжан мен Түркия арқылы орындалып жатыр. Бұл өз кезегінде ұшу уақытының ұзаруына және қосымша шығындарға әкелді, - деді Шухрат Худайкулов.

Оның айтуынша, рейсті орындаудағы қиындықтарға қарамастан, Uzbekistan Airways билет бағасын көтермеген. Шығындар ұлттық компания есебінен өтеліп жатыр.

Айта кетейік, былтыр 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын.

Бортта 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам аман қалды.

Қайғылы жағдайдан кейін Қазақстан, Әзербайжан және Ресейде қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар