Еуропарламент Иран дипломаттарының өз ғимараттарына кіруіне тыйым салды

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропарламент төрайымы Роберта Метсола дүйсенбі күні Иран Ислам Республикасының барлық дипломатиялық қызметкері мен өкілдерінің Еуропарламенттің кез келген ғимараты мен аумағына кіруіне тыйым салу жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп жазады Синьхуа.

Европарламент
Фото: unn.com.ua

— Бұл шешім өткен айдың соңында Иранның әр өңірінде басталып, кейін бүкіл елді қамтыған жаппай наразылықтар кезінде қауіпсіздік күштері мен шерушілер арасында қақтығыстар болғаны туралы хабарлар аясында қабылданды, — делінген хабарламада.

Иранның жартылай ресми Tasnim ақпарат агенттігінің мәліметінше, соңғы екі аптада болған тәртіпсіздіктер салдарынан Иранның кемінде 111 қауіпсіздік қызметкері қаза тапқан.

Ал наразылық акцияларына қатысушылар арасындағы құрбандар туралы ресми деректер жарияланған жоқ. Дегенмен HRANA ақпаратына сәйкес наразылық акциялары кезінде қаза тапқандар саны 544 адамға жеткен.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жарияланған және тәуелсіз деректермен расталған кадрлар Кередж қаласындағы үкіметтік ғимараттың өртеніп жатқанын көрсетеді.

Ирандағы ішкі жағдайдың өзгеруі халықаралық көлік бағыттары мен аймақтық логистикаға әсер ете бастады. Салдарынан Иран қалаларына бірнеше рейс тоқтатылды.

Сондай-ақ, Иран 12 сағат бойы интернетсіз қалғаны белгілі болды.

Иран билігі наразылық акциясын ұйымдастырғандар тұтқындалғанын хабарлады.

Бұдан бұрын Иран наразылық акцияларынан кейін жағдайды толық бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар