Еуропарламенттің 15 мүшесі сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу аясында назарға ілікті

АСТАНА. KAZINFORM — Брюссельде Еуропалық парламенттегі кезекті атышулы сыбайлас жемқорлық ісі тергеліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Еуропарламенттің 15 мүшесі кезекті сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу аясында назарға ілікті.
Фото: unn.com.ua

Бұл жолы Бельгия прокуратурасы мен полициясының назарына лоббистер, Еуропарламент депутаттары мен олардың ассистенттері ілікті. Жергілікті баспасөз бұл тергеудің Еуропалық Одақ астанасында қытайлық компанияның мүдделерін лоббилеуге байланысты екенін жазады.

Politico басылымының мәліметінше, тергеу аясында шамамен 15 бұрынғы және қазіргі Еуропарламент депутаты тексеріліп жатыр.

13 наурыз таңертең Бельгия полициясы 20-дан астам мекенжайға, соның ішінде Брюссельдегі қытайлық Huawei технологиялық алып компаниясының кеңселеріне тінту жүргізді.

Бельгия прокуратурасының өкілі билік «Еуропарламенттегі белсенді сыбайлас жемқорлық, құжаттарды қолдан жасау және ақшаны жылыстату бойынша алдын ала айыптаулар негізінде тергеу жүргізіп жатқанын» мәлімдеді.

Прокурордың айтуынша, полиция сондай-ақ Фландрия, Валлония және Португалияда тінтулер мен арнайы операциялар өткізді. Бірнеше адам қамауға алынған.

Еуропарламент бұған дейін де шетелдік мемлекеттердің ЕО шешімдеріне ықпал етуіне байланысты жанжалға ұшыраған. 2022 жылдың желтоқсанында Еуропарламент вице-спикері Ева Кайли мен тағы екі депутат Парсы шығанағы елдерінің бірінің мүдделерін лоббилегені үшін тұтқындалған болатын.

Бұл іс бойынша Еуропарламенттің адам құқықтары жөніндегі қосалқы комитетінің төрайымы, «Социал-демократтар» (S& D) фракциясының мүшесі, бельгиялық саясаткер Мария Арена да қамауға алынған.

Бельгия прокуратурасы өз мәлімдемесінде «2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін күмәнді әрекеттер жүйелі әрі өте жасырын түрде коммерциялық лоббизм түрінде жүзеге асырылып келгенін» атап өтті.

Тергеуге алынған істердің арасында «саяси лауазымдарға тағайындау үшін сыйақы беру, қымбат сыйлықтар (тамақ пен жол шығындарын төлеу), сондай-ақ саяси шешімдер контексінде жеке коммерциялық мүдделерді ілгерілету мақсатында тұрақты түрде футбол матчтарына шақырулар ұйымдастыру» бар екені айтылды.

Соңғы жаңалықтар