«Eurovision-2019»: Тель-Авивте алғашқы финалистер анықталды
Байқаудың ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, финалға Греция (Катерина Дуска), Беларусь (Зена), Сербия (Невена Божович), Кипр (Тамта Гогуадзе), Эстония (Виктор Крон), Чехия ( «Лейк Малави» тобы), Аустралия (Кейт Миллер-Хайдке), Исландия («Хатари» тобы), Сан-Марино (Серхат) және Словениядан (Зала Краль мен Гашпер Шантль) келген әншілер өтті.
Израильде «Eurovision-2019» байқауы басталғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. «Хабар» телеарнасы конкурсты тікелей эфирде көрсетеді. "Көрермендер мамырдың 14-інен 15-іне қараған түні және 16-нан 17-іне қараған түні сағат 01:00-де - жартылай финалды, ал мамырдың 18-інен 19-ына қараған түні сағат 01:00-де Гранд-финалды тамашалай алады", - делінген ақпаратта.
Осымен 64 рет ұйымдастырылып отырған шараға 41 мемлекет қатысуда. 2000 жылдан бастап 5 мемлекеттің (Франция, Германия, Италия, Испания, Ұлыбритания) және сайыс өтетін елдің (осы жылы Израиль) қатысушылары гранд-финалға автоматты түрде өтеді.
Израиль бұған дейін екі рет (1979 және 1999 жылдары) Eurovision байқауын өткізген болатын.
Байқау алғаш рет 1956 жылы ұйымдастырылды, оған 7 ел қатысты. Жеңіс саны бойынша Ирландия (7 жеңіс) - бірінші орынды, Швеция (6 жеңіс) - екінші орынды, Люксембург, Франция және Ұлыбритания (әрқайсысы 5 жеңістен) үшінші орынды иеленіп отыр.