«Ежелгі Рим» мейманханасындағы жаппай төбелес: Қарағандыда алдын ала сот отырысы өтті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда «Ежелгі Рим» мейманханасының жанында болған жаппай төбелеске қатысты іс бойынша алдын ала сот отырысы өтті. Оның барысында 13 айыпталушының бірі судьяға тергеу шаралары кезінде оған күш көрсетілгенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ежелгі Рим» мейманханасындағы жаппай төбелес: Қарағандыда алдын ала сот отырысы өтті

Алдын ала сот тыңдауы АК-159/1 мекемесінде өтті. Аталмыш іс бойынша 13 адамға айып тағылуда. Олардың 12-сі сегіз ай бойы қамауда отыр. Күдіктілерге ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған бұзақылық») бойынша кінә тағылуда. Ал сотталушылардың бірі – Юсиф Нурул адам өлтірді деп айыпталуда. Күдіктілердің қатарында, сондай-ақ елден қашып үлгерген Нарек Гурурян бар. Ол Ресейдің құқыққорғау органдарына өз еркімен берілді. Бірақ адам өлтіргенін мойындамады. Және осы күнге дейін Қазақстанға экстрадицияланған жоқ.

Сот отырысы барысында өзге айыпталушылардың қорғаушылары бірнеше өтінімхат түсірді. Адвокаттар қылмыстық-іс жүргізу кодексінің бұзылуына байланысты істі прокуратураға қайтаруды, сотталушыларға анағұрлым жеңілірек бұлтартпау шарасын қолдануды сұрады. Сондай-ақ күдіктілердің бірі – Каир Надырбеков тергеу органдары тарапынан өзіне күш көрсетілгенін және айғақзаттардың жалғандығына шағымданды.

Белгілі болғандай, Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Шәріп Сейсембаев өтінімхаттарды қарап, олар бойынша шешімді 6 қыркүйек күні жариялайды.

Еске салайық, 2019 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Қарағандыдағы «Ежелгі Рим» мейманханасында жанжал болып, оның соңы жаппай төбелеске ұласты. Салдарынан бір адам көз жұмды, тағы үшеуі пышақ жарақаттарын алды. Құқыққорғау органдары ҚР қылмыстық кодексінің 99 («Адам өлтіру») және 293 («Бұзақылық») баптары бойынша қылмыстық істер қозғады.