Министрлік Қарағандыдағы төбелестің себебін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев Қарағандыдағы төбелестің себебін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Қарағандыдағы «Ежелгі Рим» мейрамханасындағы оқиғаға тоқталсақ, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнде, яғни сағат таңғы 4 шамасында қонақтар музыканы өшірмеу туралы талап қойған. Сол себептен араларында (мейрамхана иелерімен) ерегіс басталып кеткен. Осыдан кейін олар (қонақтар) далаға шығып, өз достарына хабарласып, сол жерге басқа да азаматтарды шақырған. Қаза тапқан адам аталған мейрамханада отырмаған, яғни сырттан келген. Арадағы жанжалдың салдарынан төбелес болып, жараланған төрт адамның бірі көз жұмды», - деді А. Садубаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда А. Садубаев бұл мәселеде ешқандай ұлтаралық қақтығыс жоқ екенін атап өтті.

«Осыған дейін ақпарат берген болатынбыз. Қазіргі кезде 8 адам қамауда отыр. Бұл мәселеде кінәлілер жазаға тартылатын болады. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу амалдары кезінде анықталады», - деді А. Садубаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қарағандыдағы кісі өліміне қатысты 8 күдікті тұтқындалды.

Соңғы жаңалықтар