Филиппинде 6,9 балдық жер сілкінісі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Филиппинде магнитудасы 6,9 болатын жер сілкінісі тіркелді.

Жер асты дүмпулерін Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы (EMSC) тіркеді.
Зілзала Бого қаласында болды. Жерасты дүмпулерінің ошағы 15 шақырым тереңдікте орналасқан.
Әлеуметтік желілерде жер сілкінісі кезінде түсірілген кадрлар жарияланды. Куәгерлердің айтуынша, Бантаян аралындағы католик шіркеуі құлаған.
Себу аралының солтүстігінде болған жер сілкінісі салдарынан 26 адам қаза тауып, тағы 147 адам жарақат алған.
Себу – Висай аралдар тобының экономикалық және саяси орталығы. Мұнда халықаралық әуежай, теңіз порттары орналасқан және ол елдің негізгі аралдарымен байланысты қамтамасыз етеді.
Жергілікті билік қираған ғимараттардың алғашқы суреттерін жариялады. Қаза тапқандардың көбі Бого қаласында тіркелген. Сонымен бірге Сан-Ремихио қаласында да адам шығыны бар.
Айта кетейік, 13 қыркүйекте Камчаткада қуатты жер сілкінісі тіркелген еді. Сейсмологтар оның магнитудасы 6,1 болғанын хабарлаған.