Филиппинде жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 70-ке жақындады
АСТАНА. KAZINFORM — Филиппин орталығындағы Себу провинциясында болған күшті жер сілкінісі салдарынан кем дегенде 69 адам қаза тапты, деп хабарлайды Al Jazeera.

Ресми өкілдердің айтуынша қаза тапқандар саны артуы мүмкін, өйткені қайта-қайта жауған жауын, көпірлер мен жолдардың зақымдануы адам өмірін құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп отыр.
— Біз әлі де іздестіру-құтқару операциясының алтын сағатындамыз. Үйінділер астында қалған немесе зардап шеккен адамдар туралы әлі де көптеген хабарлама түсіп жатыр, — деп мәлімдеді Азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары Бернардо Рафаэлито Алехандро.
Зардап шеккен қалалар мен елді мекендердегі мектептер мен мемлекеттік мекемелер жабылды. Филиппиндік вулканология және сейсмология институтының директоры Тересито Баколколдың айтуынша, сейсенбі күні кешке жер сілкінісі болғаннан бері 600-ден астам дүмпу тіркелген.
Ол қатты жер сілкінісінен кейін жаңбырлы тау беткейлері көшкін мен селге көбірек бейім болатынын ескертті.
Жер сілкінісі аймақта «Буалой» және «Рагаса» дауылдары соққаннан кейін бір апта өтпей болды.
Филиппин — әлемдегі апатқа бейім елдердің бірі, ол мұхит айналасындағы сейсмикалық бұзылу доғасы — Тынық мұхитының өрт сақинасында орналасуына байланысты жер сілкінісі мен жанартау атқылауынан жиі зардап шегеді. Бұдан басқа, архипелагқа жыл сайын шамамен 20 тайфун мен дауыл соғады.
Бұған дейін Филиппинде магнитудасы 6,9 болатын жер сілкінісі тіркелгенін жазған едік.