Филиппиндегі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 78 адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао аралы жағалауында 8 маусымда болған магнитудасы 7,8 болатын жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны кемінде 78 адамға жетті. Тағы 30 адам із-түзсіз жоғалып кеткен, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.
Бұл туралы бейсенбі күні Табиғи апаттар қаупін азайту және олардың салдарын жою жөніндегі ұлттық кеңес мәлімдеді.
Кеңестің дерегінше, жер сілкінісі 357 мыңнан астам үй шаруашылығына немесе шамамен 1,5 миллион адамға әсер еткен. Қазіргі уақытта 47 эвакуациялық орталықта 22 мыңға жуық адам орналастырылған.
Шамамен 74,7 мың тұрғын үй зақымданған, оның ішінде 13,7 мыңы толық қираған. Жалпы саны 774 инфрақұрылым нысаны бүлініп, келтірілген шығын көлемі 1,29 миллиард филиппин песосын (шамамен 21,3 миллион АҚШ доллары) құрады.
Ауыл шаруашылығына келтірілген шығын 29,8 миллион песоға (шамамен 493 мың АҚШ доллары) бағаланып отыр.
Филиппиннің Вулканология және сейсмология институтының мәліметінше, тектоникалық жер сілкінісі 8 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 07:37-де тіркелген.
Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Минданао аралындағы Сарангани провинциясының Маасим қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 32 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 33 шақырым тереңдікте болған.
Филиппинде сейсмикалық белсенділік жиі байқалады, өйткені ел «Тынық мұхитының отты белдеуі» деп аталатын аймақта орналасқан. Тектоникалық плиталардың түйісу аймағы болып саналатын бұл өңір жиі жер сілкіністері мен жанартау атқылауларымен ерекшеленеді.
Еске сала кетсек, 8 маусым күні Филиппинде 7,8 балдық зілзаладан кейін цунами қаупі жарияланғанын жаздық. Одан кейін жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 55-ке жеткені хабарланды.