Фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалып отыр – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов кинодан түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

- Жақсы кино түсіру үшін көп қаражат керек. Мұндай қаражатты прокаттан түсіруге болады. Бірақ қазір фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады. Сондықтан кино түсірушілер мен оны прокатқа шығарушылардың мүддесінің тепе-теңдігін бекіту маңызды. Ол үшін түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ететін «е-кино» платформасын жедел іске қосу керек, - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, былтыр отандық кино өндірісі 58 пайызға артты. Премьер-министр кино туындылардың санын көбейтіп, тек пайда түсіруді ғана мақсат етпей, фильмдердің сапасына баса назар аудару керектігін баса айтты.
Айта кетейік, биыл балаларға арналған 5 әлемдік кинотуынды қазақша көрсетіледі.