Финляндияда сиыр еті рекордтық деңгейде қымбаттады
АСТАНА. KAZINFORM — Финляндияда сиыр етінің көтерме бағасы тарихи ең жоғары деңгейге жетті. соңғы бір жылда сиыр етінің тұтас ұшасының бағасы шамамен 25 пайызға өскен. Бағаның күрт қымбаттауына Еуропа нарығындағы сиыр еті бағасының өсуі, ел ішіндегі өндірістің қысқаруы және тірі малдың шетелге экспортталуы негізгі себеп болып отыр, деп жазды Азертадж.
Ет өңдеу компанияларының өкілдері ірі қара мал тапшылығы бүкіл Еуропада сезіліп отырғанын айтады. Сұраныс ұсыныстан айтарлықтай жоғары, ал Африка, Түркия және Таяу Шығыс елдерінен келетін сатып алушылар ұсынатын жоғары бағалар фин малдары үшін бәсекені күшейтіп отыр. Осыған байланысты финдік өңдеушілер де малды шетелге жіберіп алмау үшін фермерлерге экспорттаушылар ұсынатын бағамен төлеуге мәжбүр.
Бағаның өсуі тұтынушыларға да әсер ете бастады. Шілде–қыркүйек айларында бөлшек саудадағы сиыр етінің бағасы шамамен 14 пайызға артқан. Қазіргі таңда сиыр етінен жасалған фарштың бір келісі 10–15 еуро аралығында сатылып жатыр. Көпшілік үшін бұл баға төзімділік шегіне таяп қалды. Кейбір тұтынушылар арзандау болғандықтан тауық етіне көше бастаған.
Сауалнамаға қатысқандардың айтуынша, егер сиыр етінің бағасы бір келісі үшін 20 еуроға жетсе, оған деген сұраныс күрт төмендеуі мүмкін.
Сарапшылар егер тұтынушылар сиыр етінен жаппай бас тартса, елдегі мал шаруашылығы саласы әлсіреп, өнімнің басым бөлігі сұранысы жоғары болып тұрған Еуропа нарықтарына кетуі ықтимал екенін ескертеді.
Ал жақында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі сиыр еті бағасы әлем бойынша ең арзан баға екенін атады.