FlyArystan ұшағы Делиге шұғыл қонды
АСТАНА. KAZINFORM — 16 қарашада Алматыдан Гоаға бағыт алған FlyArystan ұшағы Дели әуежайына қонды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін агенттік тілшісі әуе компаниясына хабарласты.
Компанияның түсіндіруінше, ұшақ Дели әуежайына техникалық себепке байланысты қонған. Жаңартылған ақпаратқа сәйкес, Делиден Гоаға ұшу 17 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 03:05-ке жоспарланған.
Бұдан бөлек, Гоадан Алматыға қатынайтын FS7416 рейсінің кестесі де өзгерді. Әуе кемесінің кешігіп келуіне байланысты бұл рейс 17 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 06:45-те ұшады деп жоспарланған.
Күту кезінде екі рейстің де жолаушылары қонақүйлерге орналастырылды.
— FlyArystan жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін шын жүректен кешірім сұрайды және түсіністік танытқандары үшін алғыс білдіреді. Ұшу қауіпсіздігі — әуе компаниясының негізгі басымдығы, — деп жауап берді компанияның баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Air Astana-ның Астанадан ұшып шыққан рейсі Шымкентке қона алмағанын хабарлаған едік.