Фосфор тыңайтқышы өндірісіне 1 млрд доллар инвестиция тартамыз – Ербол Қарашөкеев

АСТАНА. KAZINFORM – 2030 жылға қарай Жамбыл облысында премиум маркалы фосфор тыңайтқыштарын жылына 1 млн тоннаға дейін өндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәлім етті.

фосфор
Фото: Әкімдіктің баспасөз қызметі

- Облыс экономикасының 19% үлесі өнеркәсіп өндірісіне тиесілі, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі секторының үлесі – 65,4%. Жыл басынан бері 727,8 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібі бойынша негізгі өсімді химия және құрылыс индустриясы қамтып отыр. Еліміздің жалпы химия саласы өнімінің шамамен 24%-ы біздің облыста өндіріледі. Химия кәсіпорындары республика бойынша 100% фосфор, 81% минералды тыңайтқыштар шығарады. Облыста 13 млрд тонна қоры бар 48 фосфорит кен орны шоғырланған, - деді Ербол Қарашөкеев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында.

Өңір әкімінің айтуынша, жыл басынан бері салада 212 млрд теңгеге химия өнімі шығарылып, экспорт көлемі 77%-ға жетті.

- 2030 жылға қарай тыңайтқыштардың премиум маркалары (суда еритін фосфор тыңайтқыштары) мен құндылығы жоғары өнімдерді жылына 1 млн тоннаға дейін өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар аясында өңірге 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады, - деп түйіндеді облыс басшысы.

Бұған дейін Жамбыл облысының әкімінен Меркі қант зауытына қызылшасын өткізе алмай ұзын-сонар кезекке тұрған фермерлердің мәселесі туралы сұраған едік. 

Сондай-ақ брифинг барысында Тараз қаласының екі әкімшілік ауданға бөлінетіні белгілі болды. 

Айта кетейік, келер жылдан бастап Жамбыл облысында қатерлі ісікті жасанды интеллектінің көмегімен анықтайды. 

Соңғы жаңалықтар