Францияда тәртіпсіздік қаупіне байланысты 70 мың полицей жұмылдырылады
АСТАНА. KAZINFORM — Франция билігі жаппай наразылық акцияларының жаңа толқынына дайындалып жатыр. Елде тәртіпсіздік қаупі жоғары болғандықтан, көшелерге шамамен 70 мың полицей шығару жоспарланып отыр. Францияның Ішкі істер министрлігі шерулер Хэллоуин қарсаңында өтетіндіктен, жағдайдың ушығу қаупі бар екенін ескертті, деп хабарлайды Kazinform Euronews-ке сілтеме жасап.
Франция билігі осы сенбіде, Хэллоуин қарсаңында өтетін жаппай наразылық акцияларының «үшінші кезеңіне» дайындалып жатыр. Елдің Ішкі істер министрлігіне жақын дереккөз қоғамдық тәртіптің бұзылу қаупі өте жоғары екенін ескерткен.
17 қазанда болған жаппай тәртіпсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін ел аумағында шамамен 70 мың полицей жұмылдырылмақ.
Кәсіподақтар, студенттер мен «сары кеудешелілер» қозғалысының қатысушылары үшінші апта қатарынан сенбі күні наразылық акцияларын өткізбек. Олар мектептердегі оқу жағдайына және өмір сүру құнының қымбаттауына қарсы.
Франция үкіметі дүйсенбі күні студенттердің талаптарын ескеруге бағытталған бірқатар шараны ұсынғанына қарамастан, наразылық білдірушілер көшеге шығуға ниетті. Алайда кәсіподақтар бұл шараларды жеткіліксіз деп бағалады.
Еске салайық, бұған дейін 28 қазанда Франция Сенаты наразылық акциялары барысында мүлікке залал келтірілсе, сол шеруге қатысқандарға ынтымақты азаматтық жауапкершілікті белгілейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдағанын хабарлаған едік.