Францияда жылдамдықты асырғандар түрмеге қамалуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Францияда жылдамдықты шамадан тыс асырған жүргізушілерге қатысты қатаң жаза 29 желтоқсаннан кейін күшіне енеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

водитель, скорость, авто, превышение скорости
Фото: pixabay.com

Француз баспасөзі түсіндіргендей, мұндай құқық бұзушылық үшін енді «соттылығы бар» деген белгі тіркеледі. Бұл норма Францияның ресми заңдары мен жарлықтары жарияланатын Journal officiel-де («Ресми журналда») көрсетілген.

29 желтоқсаннан бастап рұқсат етілген жылдамдық шегінен 50 км/сағ және одан да көп асырғандар үш айға дейін бас бостандығынан айырылып, 3 750 еуро көлемінде айыппұл төлейді.

Хабарламада бұл жарлық 2025 жылғы 9 шілдеде қабылданғаны және «жол қозғалысы ережелерін бұзумен күресуге бағытталған» заң негізінде енгізілгені айтылған.

Бұған дейін мұндай жылдамдықты асырғандар 5-сыныптағы (ең қатаң) айыппұлмен жазаланатын. Тек қайталанған жағдайда ғана жүргізуші куәлігінен айырылатын.

Францияның Жол қауіпсіздігі департаментінің мәліметінше, рұқсат етілген шектен айтарлықтай асқан жылдамдық «аса қауіпті мінез-құлық болып саналады және жол-көлік оқиғасы кезінде ауыр салдарға әкелуі мүмкін».

— Бұл аса ауыр жылдамдық режимін бұзуды қылмыс ретінде жіктеп, қатаң құқықтық шаралар қолдану арқылы біз анық белгі беріп отырмыз: жолдағы зорлық-зомбылыққа енді жол жоқ, — деді Франция ішкі істер министрлігінің өкілі Мари-Пьер Ведренн.

Мәлімдемеде сондай-ақ шамадан тыс жылдамдық реакция уақытын қысқартып, тежеу жолын ұзартып, көлікті басқаруды қиындатып, соқтығыс кезіндегі соққы күшін арттыратыны айтылған.

2024 жылы Жол қауіпсіздігі қызметі 50 км/сағ және одан жоғары жылдамдықты асырған 63 217 жағдайды тіркеген. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 69 пайызға артқан.

Жылдамдықты асырған жүргізушілердің көліктері тәркіленіп, жүргізуші куәлігі үш жылға дейін берілмеуі мүмкін.

Сондай-ақ оларға бес жыл немесе одан да ұзақ мерзімге белгілі бір жерүсті көлік құралдарын басқаруға тыйым салынып, жол қауіпсіздігі бойынша арнайы оқыту курсынан өту міндеттеледі.

Бұдан бұрын Францияда полиция адамдарды пышақпен қорқытқан ер адамға оқ атқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар