Француз электронды музыкасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасына айналуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Өзіндік стилімен танымал француз электронды музыкасы Францияның материалдық емес мәдени мұрасының Ұлттық тізіліміне ресми түрде енгізілді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Бұл шешім ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра мәртебесін алуға жол ашады.
Материалдық емес мәдени мұра тізілімі ЮНЕСКО Конвенциясына қатысушы мемлекеттерге қауымдастықтар өз мәдени мұрасының бір бөлігі деп танитын «тәжірибелерді, ұғымдарды, көріністерді, білім мен дағдыларды» тіркеуге мүмкіндік береді. Олардың қатарына музыка мен қолөнерден бастап, аспаздық өнер, ұлттық ойындар мен спорт түрлері де кіреді.
Көбіне «француз қолтаңбасы» деп аталатын бұл жанрға елдің қосқан үлесі Daft Punk, Justice, Air, Cassius, Phoenix, Étienne de Crécy, M83 және Alan Braxe сынды топтар мен орындаушылардың айрықша туындыларымен байланысты.
nme.com сайтының мәліметінше, бұл бастама жанрдың мәдени маңызын бекіте отырып, Жан-Мишель Жаррдан бастап Daft Punk, Justice, Air, Cassius, Phoenix және өзге де әлемдік жұлдыздарға дейінгі аңызға айналған есімдердің еңбегін мойындауды көздейді.
Францияның Мәдениет министрі Рашида Дати электронды музыка «ұлттық мұрадағы өз орнын әділ түрде иеленді» деп атап өтіп, түнгі клубтарға «шығармашылық кеңістіктер» мәртебесі берілгенін айтты.
Француз электронды стилінің қалыптасуында Жан-Мишель Жаррдың рөлі ерекше болды. Оның синтезаторларда жазылған Oxygène (1976) атты аспаптық альбомы нағыз серпіліс жасады. ЮНЕСКО-ның көп жылдан бергі елшісі болып саналатын Жарр бұл шешімді «тарихи кезең» деп бағалады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ЮНЕСКО Орталық Азия халықтарының киіз үйін материалдық емес мәдени мұра тізіміне қосты.
Сонымен қатар, Қырғыздың максым ұлттық сусыны ЮНЕСКО-ның мәдени емес мұра тізіміне енді.