Футбол: Қазақстан бүгін Солтүстік Македониямен жолдастық кездесу өткізеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 4 маусымда футболдан Қазақстан құрамасы Солтүстік Македониямен жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойын елорда уақытымен 22.00-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетейік, қазақстандық құрамаға Солтүстік Македония Еуропада кездесіп отырған 39-шы қарсыласы атанбақ. Әзірге қазақстандықтар олардан өзге Босния мен Герцеговина, Гибралтар, Израиль, Испания, Италия, Косово, Лихтенштейн, Люксембург, Норвегия, Солтүстік Ирландия, Словакия, Словения, Уэльс және Швейцария құрамаларымен күш сынасып көрген жоқ.
Қазақстандық футболшылардың бүгінгі қарсыласы әлемде жоғары жетістігімен мақтана алмайды. Еуропа құрлығында да ортанқол құрамалар қатарында саналады. Бүгінгі күнге дейін әлем чемпионаты іріктеу кезеңінен әріге аса алған жоқ. Ал 2020 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына жолдама алды. Іріктеу кезеңінде G тобында сынға түскен македондықтар плей-офф сатысында Косово (2:1) мен Грузияны (1:0) орта жолда қалдырып, беделді бәсекедегі үздіктер қатарына қосылды.
2022 жылғы Әлем чемпионаты іріктеу сатысы турнир кестесіндегі жағдайы жаман емес. J тобында сынға түсіп жүрген құрама үш ойыннан екі мәрте жеңіске жетіп, біреуінде қарсыласына есе жіберді. Турнир кестесінде алты ұпаймен екінші орында тұр. Олар азулы Германия құрамасын сырт алаңда 2:1 есебімен тізе бүктірсе, өз алаңында Лихтенштейнді 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал Румыниядан сырт алаңда 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Ал Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионаты іріктеу сатысында D тобында бір ұпаймен бесінші орында тұр. Олар Франциядан өз алаңында 0:2 есебімен жеңілсе , Украинамен 1:1 есебімен тең түсті.
FIFA-ның жаңартылған рейтингісінде Солтүстік Македония 62, Қазақстан 124-орында тұр.
Солтүстік Македония құрамында әлемнің белгілі клубтарында доп теуіп жүрген футболшылар бар. Атап айтқанда, олардың қатарында Италияның «Наполи» клубында ойнайтын Элиф Эльмас, «Дженоа» футболшысы Горан Пандев, «Лечче» командасының жартылай қорғаушысы Бобан Николовтар бар.