Футбол: Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері тағайындалды
Танымал маман Константин Горовенко 21 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform.
К. Горовенко футболшылық мансабында «Қайрат», «Қайнар», «Жеңіс», «Алматы», «Сұңқар», «Мегаспорт» сынды клубтарда ойнаған. 2000-2001 жылдары Қазақстан құрамасы сапында 6 кездесу өткізіп, 3 гол соққан.
Бапкерлік мансабын «Сұңқар» клубында бас бапкердің көмекшісі болып бастады. Сондай-ақ, ол «Қайраттың» жастар командасында қызмет атқарды. 2017 жылы қазақстандық маман алғашқы маусымда алматылық клубтың фарм-командасымен бірге Қазақстан бірінші лигасының қола жүлдесіне қол жеткізді.
2018-2020 жылдары «Жетісудың» екінші командасын жаттықтырды.
2020 жылы Қарағандының «Шахтерін» бапкерлік қызмет атқарды. Команда Премьер-лигада төртінші орынға тұрақтап, еурокубок жолдамасын жеңіп алды.
2021 жылы «Мақтаарал» клубының бас бапкері қызметінде бірінші лиганың күміс жүлдегері атанып, Премьер-лигаға жолдама алды.
Одан кейінгі кезеңде қазақстандық маман «Атырау» және «Каспий» клубтарына басшылық жасады.
Айта кетсек, Константин Горовенкоға Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы Елдос Ахметов көмектеседі. Бапкерлердің толық штабы алдағы уақытта жасақталады.
Еске салсақ, бұдан бұрын еліміздің кәсіпқой футбол лигасында ойнайтын ең қымбат отандық футболшылар анықталды.