Футбол клубтары мемлекеттен 31,8 млрд теңге алған – Депутат қаржыны бапкерлер жалақысына бөлуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы Қазақстандағы 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалған. Ал биыл жыл басынан бері қазынадан 31,8 млрд теңге берілген. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев футбол клубтарын жедел жекешелендіруді және бұл қаражатты жаттықтырушылар жалақысын ұлғайтуға бағыттауды ұсынды.
– Мемлекет басшысы Жолдауында: «Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз», деді. Расында қазақстандық футбол клубтары қақпаға гол салудан гөрі, қазынаға қол салуды жақсы меңгерген. Ал біз олардың бюджетке таласқандай жасыл алаңда допқа таласқанын қалаймыз. Себебі қазіргі нәтижелері қарын ашырады. Әлемдегі белді доп додасына жолдама алған жалғыз клуб қалғандарына қорған бола алмайды, – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстандағы 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалған.
– Бюджет тапшы боп жатқанда футболға ақша таба қалатын өңір басшыларының шешімін шынымен түсінбейміз. Биыл да аяқдоп аямай асапты. Мысалы, 2025 жылы Премьер-лигада доп тебетін «Ордабасы» футбол клубына 3,2 миллиард теңге бөлінген. «Ақтөбе» футбол клубына 2,1 миллиард теңге, «Қызыл-Жар» клубына 2 миллиард теңге берілген. Жалпы Премьер-Лигада ойнайтын футбол клубының бәрі бюджеттен ақша алады. Ал «Астана» футбол клубы «Самұрық-Қазынадан» 2025 жылға 5,3 миллиард теңге алған, – дейді Н. Сәрсенғалиев.
Бірінші Лигадағы футбол клубтарына да бюджеттен қыруар ақша беріледі, алды жылына 1,2 миллиард теңгеден алған.
Жалпы 2025 жылы Премьер-Лига футбол клубтарына 24 миллиард теңге, Бірінші Лигадағы футбол клубтарына 7,7 миллиард теңге берілген.
– Сәйкесінше Қазақстанның қамбасынан 2025 жылы футболға 31 млрд 799 млн 143 мың теңге жұмсалды деп ресми айтуға болады. Футбол клубтарын жекеге берсек, кемінде осынша қаражатты үнемдеп, оны мұқтаж салаға салуға болады. Оның бірі спорт саласындағы жаттықтырушылардың жағдайы. 2025 жылы еңбек жолын енді бастаған жаттықтырушы 117 мың теңге алса, жоғары санатты жаттықтырушы 145 115 теңгеге күн көруге мәжбүр. Осылайша бұқаралық спорттың дамуына тікелей әсер ететін мамандар айлығын шайлығына жеткізе алмай, пұшайман хәлде жүр. Салдарынан спорт саласындағы жаттықтырушылар жаппай білім саласына кетуде, себебі ол жақта жалақы жоғары, – деді ол.
Мәжіліс депутаты елдегі барлық футбол клубын жедел жекешелендіруді және бүгінге дейін алған қаражатына тексеру жүргізуді ұсынды.
– Үкіметтің бұйрығына өзгеріс енгізіп, дене шынықтыру-спорт ұйымдарындағы жаттықтырушылардың жалақысын көтеру қажет, – дейді депутат.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев 62 млрд теңге шығынды қажет ететін халықаралық «Болашақ ойындарын» кейінге қалдыруды ұсынған еді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.