Футболдан әлем чемпионаты: Англия құрамасы Иранды ірі есеппен жеңді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының екінші ойын күнінде Англия құрамасы Иранды ірі есеппен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

В тобында сынға түсетін құрама арасындағы кездесу барысында ағылшындық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты.

Нәтижесінде бірінші кезеңнің өзінде олар Иран құрамасы қақпасына үш гол соғып үлгерді.

Оны Джуд Беллингем 35, Букайо Сака 43, Рахим Стерлинг 45-минуттарда өздерінің еншісіне жазды.

Екінші кезеңде ирандық футболшылар есеп айырмасын қысқартуға ұмтылған еді.

Дегенмен діттеген мақсатына жете алған жоқ. Есесіне 62-минутта Букайо Сака екінші голын соғып, басымдықты арттырды. Ойынның 62-минутында Мехди Тареми гол соқты.

Ал 71-минутта Маркус Рашфорд, 90-минутта Джек Грилиш Англия құрамасының бесінші және алтыншы голын соқты. Соңғы минутта Мехди Тареми пенальтиден гол соқты.

Осылайша Англия қарсыласынан 6:2 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, бразилиялық төреші Рафаэл Клаус бірінші кезеңге 14, екінші кезеңге 10-минут қосымша уақыт қосты.

В тобында тағы бір кездесуде бүгін АҚШ - Уэльс ойнайды. Ойынды 01:00-де «Qazsport» телеарнасынан тамашалауға болады.

Сондай-ақ, А тобындағы Сенегал - Нидерланды кездесуі елорда уақытымен 22:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске салсақ, футболдан әлем чемпионатының алғашқы ойынында Қатар құрамасы Эквадордан жеңіліп қалды.


Фото: fifa.com

Соңғы жаңалықтар