Футболдан бірінші лига: «Ақжайық» бесінші мәрте жеңіліс тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің тоғызыншы туры мәресіне жетті.
Аталған турдың екінші ойын күні, 31 мамырда төрт ойын өткізілді.
Оралдың «Ақжайығы» жыл басында Премьер-лигаға шығуға үміткер командалар қатарында аталған еді. Дегенмен доп додасы барысында жанкүйерлерді қуанта алмай келеді. Небәрі төрт ұпаймен соңғы орынның бірін місе тұтып тұр.
Оралдық клуб аталған турда Қызылорданың «Қайсар-2» командасына 0:1 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде биыл бесінші мәрте жеңіліп, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды.
Сондай-ақ, «Арыс» өз алаңында «Таразға» 1:2 есебімен есе жіберсе, «Хан Тәңірі» командасы «Ақтөбе-2» клубын 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Ал «Оқжетпес» пен «Ұлытау» 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Аталған турда 30 мамырда «Каспий» «Қыранды» 3:0, «Қайрат-2» «Tүркістанды» 5:1 есебімен жеңсе, «SD Family» «Алтайға», «Жетісайы» «Екібастұзға» 1:2 есебімен есе жіберді.
Енді алдағы тур ойындары 6 және 7 маусым күндері өткізіледі.