Футболдан Бірінші лигада «Каспий» көш басына шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 10-туры мәресіне жетті.

Аталған турдың екінші ойын күні, ақтаулық «Каспий» өз алаңында Павлодар облысының «Екібастұз» командасын қабылдады. Кездесу барысында ақтаулық клуб қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 27 ұпаймен бірінші орынға жайғасты.
Ал қарағандылық «Шахтер» сырт алаңда Түркістан облысының «Жетісайын», алматылық AKAS Өскеменнің «Алтайын» 2:1 есебімен жеңсе, «Тараз» бен «Ақтөбе-2» 3:3 есебіне қанағат білдірді.
Сондай-ақ 19 маусымда павлодарлық «Ертіс» сырт алаңда «Түркістан» командасын 7:1 есебімен басым түссе, шымкенттік «Академия Оңтүстік» өз алаңында алматылық «Қайрат-2» клубына 3:5, астаналық «SD Family» Алматының «Хан тәңіріне» 0:3 есебімен жол берді.
Турнир кестесінде алғашқы екі орынға ие болған командалар алдағы жылы Премьер-лигаға қатысуға тікелей жолдамаға қол жеткізеді.
Биыл «Шахтер», «Ертіс», «Каспий» командалары үздіктер қатарында болады деп болжанып отыр.