Футболдан Чемпиондар лигасы: «Барселона» сырт алаңда «Пари Сен-Жерменді» жеңді

футбол
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасының 1/4 финалының алғашқы ойындары аяқталды. 

Аталған турнирдің екінші ойын күнінде «Пари Сен-Жермен» (Франция) мен «Барселона» (Испания) командалары кездесті.

Кейінгі жылдарда испаниялық клуб Чемпиондар лигасында сәтті ойын көрсете алмай келеді. Он жылға жуық уақыттан бері оларға бас жүлде бұйырмай жүр. Тіпті, финалға дейін жетудің өзі мұңға айналды. Соңғы екі жылда топтық кезеңнен аса алмай, жанкүйерлер сенімін ақтай алмай жүргені рас. Сол олқылықтың орнын биыл толтыра ала ма?

Ал франциялық клуб өзінің тарихында ешқашан Чемпиондар лигасының бас жүлдесін алған емес.

Сондықтан бүгінгі кездесу тартысты өтетіні анық еді.

Кездесу басынан қос команда бірден шабуылға көшті. Ойын барысында испаниялық футболшылардың белсенділігі айқын байқалып тұрды. Ламин Ямал мен Пау Кубарси сынды жастармен бірге белсенді ойнаған Роберт Левандовски және Рафинья секілді тәжірибелі футболшылар гол соғатын мүмкіндікті іздеді.

Кездесу барысында Ламин Ямалдан пас алған Рафинья 37- минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Екінші кезең басталған сәттен «Пари Сен-Жермен» командасы алға қарай ұмтылды. Нәтижесінде Усман Дембеле 48, Витинья 51-минутта қақпа торын тулатты.

Одан кейін «Барселона» сапынан Рафинья 62-минутта кездесудегі екінші мәрте мергендік танытса, Андреас Кристенсен 77-минутта жеңіс голын соғып кетті.

Осылайша «Барселона» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.

Тағы бір кездесуде «Атлетико Мадрид» (Испания) пен «Боруссия Дортмунд» (Германия) шеберлік байқасты.

Ойын барысында испаниялық клубтан Родриго Де Пауль 4, Самуэл Лино 32-минутта гол соғып үлгерді.

Оған «Боруссия Дортмунд» сапынан Себастьен Аллер 81-минутта бір голмен жауап қайырды.

Бүгінгі кездесу 2:1 есебімен «Атлетико Мадрид» клубының басымдығымен аяқталды.

Еске салсақ, Чемпиондар лигасы 1/4 финалының бірінші ойын күнінде «Реал Мадрид» (Испания) пен «Манчестер Сити» (Англия) 3:3, «Арсенал» (Англия) мен «Бавария» (Германия) 2:2 есебімен тең түсті.

Қарымта ойындар 16 және 17 сәуір күндеріне белгіленген.

Соңғы жаңалықтар