Футболдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» сырт алаңда «Маккабимен» тең түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Алматының «Қайраты» сырт алаңда Израильдің «Маккаби» (Хайфа) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған кездесуде алматылық клуб футболшылары ойынды сенімді бастаған еді. Олардың тарапынан гол соғатын бірнеше мүмкіндік болды. Дегенмен оны шабуыл шебіндегі Вагнер Лав пен Хосе Канте өздерінің ыңғайына келтіре алған жоқ. Есесіне 45-минутта израильдік Омер Атцили есеп ашып кетті.

Екінші кезеңде екі команда да таблодағы есепті өзгертетін сәттер кездесті. Әсіресе, қазақстандық клубтың белсенділігі байқалып тұрды. Нәтижесінде 76-минутта Нұрәлі Әліп таразы басын теңестірді.

Кездесуде 1:1 есебі тіркелді. Екі команда енді 14 шілдеде Алматы қаласында қарымта ойын өткізеді.

Еске салсақ, «Маккаби» (Хайфа) 1913 жылы құрылған. Өзінің тарихында Израильдің 13 дүркін чемпионы атанған. 2020/21 жылғы маусымда жеңімпаз тұғырынан көрінген олар бұл жетістігін тура он жылдан кейін қайталап отыр.

Айта кетсек, екі команда былтыр UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысында кездесіп, израильдік клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті. «Қайрат» «Маккаби» (Хайфа) клубымен кездесті. Коронавирус жағдайына байланысты жеңімпаз бір кездесуден аяқталған болатын.



Соңғы жаңалықтар