Футболдан ел біріншілігінде «Тұран» өз алаңында «Мақтаралдан» ойсырай жеңілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 25-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған турда «Атырау» өз алаңында Қарағандының «Шахтерімен» 2:2 есебімен тең түсті. Ал, Түркістан қаласының «Тұраны» сол облыстың «Мақтарал» командасына 0:3 есебімен жол берді.
Сондай-ақ, бүгін елордалық «Астана» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарынан», Алматының «Қайраты» өз алаңында Павлодар облысының «Ақсуынан» 2:0 есебімен басым түсті.
Ал, 29 қазанда «Ордабасы» мен «Ақтөбе» 2:2, «Каспий» (Ақтау) мен «Ақжайық» (Орал) 0:0 есебіне қанағат білдірсе, «Тараз» өз алаңында «Тобылға» (Қостанайға) 0:2 есебімен жол берді.
Енді 26-тур ойындары 6 қараша күні өткізіледі.
Еске салсақ, бұдан бұрын бірінші лигада алғашқы екі орындағы Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Қызылорданың «Қайсары» бір тур бұрын Премьер-лигаға жолдама алды.