Футболдан ел біріншілігі: «Ақтөбе» үш ұпай еншіледі, «Тобыл» тең тарқасты
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының үшінші турында қостанайлық «Тобыл» Петропавлдың «Қызылжар» командасымен кездесті.

Чурчич жаттықтыратын чемпиондыққа үміткер клуб алғашқы екі турда ұпай жоғалтпаған еді. Бұл жолы бір ұпай еншілеп, тең тарқасты.
Кездесу барысында командалар гол соғатын бірнеше мүмкіндікті кәделеріне жарата алмады. Бір-бірінің қақпасының маңында қауіпті шабуылдарды ұйымдастырғанымен екі клубтың футболшылары да таблодағы есепке өзгеріс енгізе алмады.
Тағы бір кездесуде «Ақтөбе» өз алаңында елордалық «Жеңіс» командасын 3:0 есебімен жеңді. Кездесу барысында Максим Самородов 13, Идрис Умаев 16, Дорни Ромеро 48-минутта мергендігімен көзге түсті.
Қазіргі кезде «Астана» мен «Елімай» (Семей) командалары ойнап жатыр.
Аталған турды 19:00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайрат» (Алматы) түйіндейді.
Айта кетейік, кеше «Шахтер» өз алаңында «Тұранға» 0:2, «Атырау» «Жетісуға» 0:1 есебімен жол берген болатын.