Футболдан Италия кубогының финалы: «Наполи» «Ювентусті» жеңді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Италия кубогының финалы өтті. Осылайша аталған елде доп додасы қайта жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Италия кубогының финалы: «Наполи» «Ювентусті» жеңді

Финалдық ойында Неапольдің «Наполи» және Туриннің «Ювентус» командалары өзара шеберлік байқасты. Жеңімпаз пенальти тебу арқылы анықталды. Бұл жолы «Наполи 4:2 есебімен ұтты. Осылайша, команда өз тарихында алтыншы мәрте кубокты төбесіне көтерді. Ал «Ювентус» бұдан бұрын 13 мәрте кубок иегері атанған еді.

Енді, Италияда 20 маусымда А сериясындағы 27-тур ойындары басталады. Ол 23 маусымға дейін өткізіледі. Ойындар жанкүйерсіз болады. Чемпионат 2 тамызда мәресіне жетеді деп жоспарланып отыр.

Қазір турнир кестесінде 26 ойыннан кейін 63 ұпаймен «Ювентус» көш бастап келеді. Одан кейінгі орындардағы «Лационың» - 62, «Интердің» 52 ұпайы бар.

Қазірге дейін Англия, Германия, Испания чемпионаттары қайта жалғасты. Ал Францияда доп додасы бітпестен «Пари Сен-Жермен» чемпион болып шешілді.

Бұдан бұрын футболдан Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы финалдық кезеңі қалай өткізілетіні хабарланды. Сондай-ақ Англия Премьер-лигасы қайта жалғасқанын, бүгін «Манчестер сити» мен «Арсенал» кездескенін жаздық.