Футболдан Қазақстан біріншілігі маусым айында қайта жалғасып, жанкүйерсіз өткізілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан біріншілігі маусым айының басында қайта жалғасып, жанкүйерсіз өткізілуі мүмкін. Бұл мәселе Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы мен отандық футбол клубтары басшыларының видеоконференциясында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған видеоконференцияны Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев жүргізді. Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы қауіпті індетке сәйкес мәселе түйінін шешудің жолдарын қарастырып келеді. Футболшылардың жаттығу және ойын алаңына оралуына қажетті іс-шаралар кешенін жүзеге асатын болады. Бұл бағытта төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссиямен тиісті шешімдер қабылданады. Сондай-ақ, аталмыш мақсатта аймақтық төтенше жағдайлар қарсы жедел штабтардың пікірлері ескеріледі. Сол бойынша бұрынғыдай тәртіппен ашық аспан астында жаттығу жүргізу жолы қарастырылады.

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы 2020 жылғы OLIMPBET-Қазақстан біріншілігін қараша айына дейін аяқтау мақсатында ойындар санын қысқартуды ұсынып отыр. Бұл жағдайда қазірге дейін өткен 1 және 2 тур, мерзімі өзгерген ойындарды қоса есептегенде біріншілік екі айналым бойынша жүргізіледі. Аталған тізбе негізінде қолайлы эпидемиологиялық жағдайда біріншілік маусым айының басында жанкүйерлер қатысуынсыз қайта жалғасуы мүмкін. Ол бойынша ойындар күнтізбесінен үшінші айналым қысқартылады және турлардың өткізу мерзім жаңартылады.

Сондай-ақ, қолайлы жағдайда бірінші лига клубтары арасындағы біріншілікті маусым айында бастау жоспарланып отыр. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының әкімшілігі турнирді екі айналым бойынша өткізу мәселесін ұсынады. Бұл бойынша командалар екі аптада үш ойын өткізеді. Нәтижесінде біріншілік ойындарын қазан айына дейін аяқтау ойластырылған.

Ал екінші лига командалары біріншілігі төмендегі жүйе бойынша жүргізілуі күтілуде. Биыл турнирге 22 команда қатысады деп жоспарланған. Лига әкімшілігі біріншілік ойындарын «Оңтүстік-Батыс» және «Солтүстік-Шығыс» екі конференциясы бойынша жүргізу жобаын қарастырады. Әрбір конференцияға 11 командадан топтастырылады. Бұл жағдайда біріншілік 22 қыркүйекте аяқталады. Бірінші лигаға әрбір конференцияның жеңімпаздары жолдама алады.

Ойын күнтізбесінің тығыздығына орай Қазақстан кубогы ойындарын өткізуге өзгеріс енгізіледі. Жарыстың әрбір сатысында жұп құрған командалар жеңімпазы бір ойын арқылы анықталады. Еурокубок ойындарына қатысатын «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» мен «Қайсар» командаларына бірдей мүмкіндік жасау мақсатында олар бірден 1/4 финалдық ойындарға қатысуға мүмкіндік алады. Финал 2 қарашаға жоспарланып отыр.

Бұған дейін футболдан Қазақстан біріншілігі қашан жалғасатыны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар