Футболдан Қазақстан чемпионаты: «Ақтөбе» қатарынан алтыншы рет жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 18-турындағы тағы бір кездесудің нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Қазақстан чемпионаты: «Ақтөбе» қатарынан алтыншы рет жеңіске жетті

Турнир кестесінде көш басында келе жатқан «Ақтөбе» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжар» (Петропавл) командасын қабылдаған еді. Ақтөбелік клуб жеңіске жеткен жағдайда турнир кестесінде жағдайын одан әрі жақсарта түсетін.

Екі команда тартысты ойын өткізді. Ойын соңына дейін қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады.

Кездесудің 89-минутында алаң иелерінен Жерар Гоу гол соқты.

Осылайша «Ақтөбе» қатарынан алтыншы мәрте жеңіске жетті. Турнир кестесінде қатарлас келе жатқан командалардан біршама алда тұр.

Еске салсақ, бұдан бұрын Алматының «Қайраты» өз алаңында Қостанайдың «Тобылына» 2:3 есебімен жол берді.

4 қыркүйекте өз алаңында «Атырау» «Каспийді» 3:2, «Ақсу» «Мақтаралды» 4:2 есебімен тізе бүктірді.

Ал Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Түркістанның «Тұранына» 1:2 есебімен жол берсе, Қарағандының «Шахтері» өз алаңында «Тараздан» 1:0 есебімен басым түсті.

Дәл қазір елордада «Астана» мен «Ақжайық» (Орал) кездесуінің бірінші кезеңі аяқталды. Әзірге елордалық клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп жатыр.