Футболдан Қазақстан чемпионаты: «Қайсар» «Шахтерден» басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан чемпионаты төртінші турының тағы бір ойыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Аталған турдағы төртінші ойында Қарағандының «Шахтер» және Қызылорданың «Қайсар» командалары кездесті. Екеуі де турнир кестесінде қатар келеді. Сондықтан кездесудің тартысты өтетіні белгілі еді.

Ойын тағдырын қызылордалық клуб сапынан 57-минутта Александр Марочкин соққан жалғыз гол шешті. Бұдан кейін екі команда сапынан да есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болды. Десе де таблодағы есеп өзгерген жоқ.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын үш ойын өткізілді. Ақтаудың «Каспийі» Алматының «Қайратынан» 0:3, Талдықорғанның «Жетісуы» Шымкенттің «Ордабасысынан» 2:3 есебімен жеңілсе, Жамбыл облысының «Тараз» және Петропавлдың «Қызылжар» командалары 0:0 есебімен тең тарқасты.

Бұл турдағы Қостанайдың «Тобыл» және елордалық «Астана» клубтарының кездесуі кейінге қалдырылды.

Енді бесінші тур 21 және 22 тамыз күндері өтеді. 21 тамызда «Ордабасы» мен «Каспий», «Қайрат» және «Тобыл», 22 тамызда «Астана» мен «Оқжетпес», «Қызылжар» мен «Шахтер», «Қайсар» мен «Жетісу» командалары кездеседі.


Соңғы жаңалықтар