Футболдан Қазақстан кубогында «Ақтөбе» мен «Атырау» тең түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан кубогы 1/8 финалындағы тағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Қазақстан кубогында «Ақтөбе» мен «Атырау» тең түсті

Қарағандының «Шахтері» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады.

Ойын барысында алаң иелері қатарынан Иван Свиридов 35-минутта мергендігімен көзге түсті.

Небәрі 19 жастағы шабуылшы ел біріншілігінде мергендігімен көзге түсіп келеді. Ол 3 ойында қарсыластар қақпасын екі мәрте дәл көздеп үлгерді.

Осылайша «Шахтер» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Ал «Ақтөбе» мен «Атырау» кездесуі голға толы болды.

Ойынның 10-минутында атыраулық командадан Демир Имери есеп ашса, оған ақтөбелік клубтан Элдер Сантана таразы басын теңестірді.

«Атырау» сапынан Оралхан Өміртаев 78-минутта қайтадан өз командасын алға шығарса, ақтөбелік футболшы Ескендір Қыбырай қайтадан таразы басын теңестірді.

Командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Қызылжар» «Жетісуды» 3:0 есебімен сүріндірсе, «Каспий» «Тұранға» 0:1 есебімен жол берді.

Енді 19:00-де «Қайрат» (Алматы) - «Ақжайық» (Орал), «Тобыл» (Қостанай) - «Ақсу» (Павлодар облысы) шеберлік байқасады.

Сондай-ақ, 21:00-де «Ордабасы» (Шымкент) - «Мақтарал» (Түркістан облысы), «Астана» - «Қайсар» (Қызылорда) жасыл алаңға шығады.

Қарымта ойын 29 және 30 сәуір күндеріне белгіленген.