Футболдан Қазақстан құрамасының ықтимал қарсыласы анықталды

футбол
Фото: uefa.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Ұлттар лигасы С жолы бойынша плей-офф сатысы финалындағы Қазақстан құрамасының ықтимал қарсыласы анықталды.

2024 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасы сарапқа салынған жартылай финалдың бірінде Грузия мен Люксембург құрамалары шеберлік байқасты.

Кездесу басынан грузиялық футболшылар ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Қарсылас құрама негізінен қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Ұрымтал сәтте қарсы шабуылға шықты. Ойынның 41-минутында грузиялық Буду Зивзивадзе қарсыластар қақпасынан саңылау тауып, есеп ашып кетті.

Екінші кезеңде люксембургтік футболшылар белсенді қимыл көрсетті. Олардың қатарынан Жерсон Родригеш 53-минутта таразы басын теңестірген еді. Төреші одан бұрын ойын ережесінің бұзылуына байланысты голды есепке алған жоқ.

Ал 56-минутта люксембургтік Максим Шано қызыл қағаз алып, жасыл алаңнан қуылса, ойынның 63-минутында грузиялық Буду Зивзивадзе 63-минутта тағы бір мәрте мергендік танытып, есепті ұлғайтты.

Енді тағы бір жартылай финалдағы Қазақстан және Грекия кездесуі 21 наурыздан 22-не қараған түні сағат 00:35-те Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

2024 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасы үшін Грузия енді 26 наурызда аталған жұптың жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Финалда жеңімпаз болған құрама Еуропа чемпионаты финалдық сатысында F тобындағы Түркия, Португалия және Чехия қатарына қосылады.

Кездесуге нидерландтық төрешілер қазылық етеді.

Бұл жұптың жеңімпазы 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия құрамасымен шеберлік байқасады. Олар дәл қазір Люксембург құрамасынан 2:0 есебімен басым түсті.

Соңғы жаңалықтар