Футболдан Қазақстан мен Венгрия құрамаларының кездесуі қайда өтеді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан мен Венгрия құрамаларының жолдастық кездесуі өтетін орын өзгерді.
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.
Алғашқыда аталған ойынды Түркістан қаласында өткізу жоспарланған еді. Қазақстан және Венгрия футбол федерацияларының келісімімен енді ол Дебрецен қаласына ауыстырылды. Ойын 9 маусымда «Надьердеи» стадионында өтеді.
Осылайша маусымдағы халықаралық үзілісте Қазақстан құрамасы сырт алаңда екі матч өткізеді. Алдымен 6 маусымда Ереван қаласында Армения құрамасына қарсы ойнаса, 9 маусымда Дебрецен қаласында Венгрия құрамасымен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, бұдан бұрын футболдан Қазақстан құрамасы Астанадағы турнирге дайындығын бастады
Отандастарымыз халықаралық футбол федерациясының (FIFA) ұлттық құрамаларға арналған жаңа форматтағы FIFA Series турнирінің Астанада өтетін ойындарында бақ сынайды.
Алғашқыда оған Қазақстан, Намибия, Комор аралдары және Кувейт қатысады деп жоспарланған еді. Енді Кувейттің бас тартуына байланысты ойындарды айналмалы жүйе бойынша өткізуге шешім қабылданды.
Алдымен қазақстандық футболшылар 25 наурызда Намибиямен шеберлік байқасса, 31 наурызда Комор аралдарымен жасыл алаңға шығады.
Ал 28 наурызда Намибия мен Комор аралдары жасыл алаңға шығады.