Футболдан Қазақстан Премьер-Лигасы: «Тобыл» 3-орынға көтерілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының он екінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы ойын Қызылорданың «Қайсары» мен Көкшетаудың «Оқжетпес» командалары арасында өтті. Ойында гол соғылған жоқ. Командалар 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Тағы бір кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» және Жамбыл облысының «Тараз» командалары шеберлік байқасты. Оңтүстік өлке клубтары арасындағы ойында тараздықтар сапынан 56-минутта Горан Бркич ееп ашты. Оған 77-минутта «Ордабасы» ойыншысы Виктор Дмитриенко бір голмен жауап берді. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
Соңғы ойында Қостанайдың «Тобылы» мен Талдықорғанның «Жетісу» клубтары жасыл алаңға шықты. Ойынның 53-минутында қостанайлық Джаба Канкаба есеп ашты. Ал 59-минутта қостанайлық тағы ойыншы Жереми Манзорро есепті үстемелей түсті. Ойында «Тобыл» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті. Турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.
Естеріңізге сала кетелік, 1 қазанда елордалық «Астана» Ақтаудың «Каспийінен» 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Ал Алматының «Қайраты» мен Қарағандының «Шахтері» 1:1 есебімен тең түсті.
Енді 4 қазанда 6-турдың кейінге қалдырылған ойынында «Астана» мен «Қайрат» командалары кездеседі.