Футболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тобында бірінші орын алды

АСТАНА. KAZINFORM — Хорватияда Футболдан 17 жасқа дейінгілер арасында өткен Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы өз тобында бірінші орынға ие болды.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Словениядағы турнирді сәтті бастады
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

В дивизионында Бауыржан Сағындық баптайтын қазақстандықтар алғашқы ойында сенсация жасап, Хорватияны 2:1 есебімен жеңген еді.

Одан кейін Нидерланд құрамасына 1:4 есебімен есе жіберді.

Бүгін соңғы кездесуінде қазақстандықтар Албанияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. 

Қазақстан құрамасынан Роман Черноморец (21-минут) пен Абылай Жылқайдар (58-минут) гол соғып, көзге түсті. Бұған албаниялықтар 95-минутта Арменда Мусликаның голымен жауап қайырды. 

Осылайша, 6 ұпай жинаған Қазақстан командасы өз тобында бірінші орын алды. Хорватия (6 ұпай) екінші сатыда. 

Сөйтіп Қазақстан мен Хорватия А дивизионына жолдама алды.

Енді Бауыржан Сағындықтың шәкірттері 2026 жылдың көктемінде Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне берілетін жолдама үшін таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан жасөспірімдерінің сенсациялық жеңіске қол жеткізгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар