Футзалдан әлем чемпионатында Бразилия екі ойында 18 гол соқты
АСТАНА. KAZINFORM — Кеше, 16 қыркүйекте Өзбекстанда өтіп жатқан футзалдан әлем чемпионатында екінші турдың алғашқы ойын күні мәресіне жетті.
В тобында сынға түсіп жатқан бразилиялық футзалшылар бұл күні тағы да ірі жеңіске жетті.
Қазірге дейін бес дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алған құрама биыл сол жетістігін қайталауға тырысады. Олар бұл жолы Хорватияны 8:1 есебімен сүріндірді. Аталған құрама бұған дейін Кубаны 10:0 есебімен тізе бүктірген еді.
Осылайша олар екі ойында 18 гол соғып, жоғары нәтиже көрсетіп отыр.
Екі кездесуде ұпайдан шашау шығармаған бразилиялықтар плей-офф сатысына шығу мәселесін ертерек шешіп қойды. Ал қатарынан екі мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан Хорватия турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алды.
Аталған топта Таиланд құрамасы Кубаны 10:5 есебімен жеңді. Таиландтық футзалшылар да екі ойында алты ұпай жинап, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алып отыр.
Ал А тобында Коста-Рика мен Нидерланд 2:2 есебімен тең ойнаса, Өзбекстан құрамасы Парагвайға 1:4 есебімен жеңіліп қалды.
Енді 18 қыркүйекте С тобында Ангола мен Украина, Аргентина мен Ауғанстан, D тобында Ливия мен Қазақстан, Испания мен Жаңа Зеландия шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын футзалдан әлем чемпионы атанған Португлаия құрамасы Панаманың қақпасына 10 гол салды.