Футзалдан Қазақстан құрамасы Тәжікстанмен екі жолдастық кездесу өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Футзалдан Қазақстан құрамасы Тәжікстанмен 22 және 24 тамыз күндері екі жолдастық кездесу өткізеді.

Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны 5 тамыз күні Алматы қаласында басталды. Футболшыларды бабына келтіру процесін қамтитын бірінші кезең 18 тамызға дейін жалғасты.
Енді құрама 5 қыркүйекке дейін Астанада жаттығады. Екінші оқу-жаттығу жиыны барысында Қазақстан құрамасы Тәжікстанмен 22-24 тамыз күндері екі мәрте жолдастық кездесу өткізеді.
Одан кейін Қазақстан құрамасының Иранға қарсы екі жолдастық матчы жоспарланған. Ойындар 30 тамыз және 1 қыркүйекке белгіленген.
Жиынның қорытынды кезеңі Алматыда 6-10 қыркүйек аралығында болады. 7 қыркүйек күні Қазақстан құрамасы Аргентинамен шеберлік байқасады.
Оқу-жаттығу жиынына 21 футболшы шақырту алған. Нақты тізімге 14 ойыншы енеді.
Айта кетсек, биыл әлем чемпионаты 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанда өтеді.
Қазақстан құрамасы Испания, Ливия және Жаңа Зеландия құрамаларымен кездеседі.