Футзалдан Қазақстан құрамасының іріктеу кезеңіндегі ойын кестесі жарияланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан құрамасының 2022 жылғы Еуропа чемпионаты топтық іріктеу кеезңіндегі ойын кестесі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футзалдан Қазақстан құрамасының іріктеу кезеңіндегі ойын кестесі жарияланды

Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық футзалшылар бесінші топқа түсті. Қарсыластары - Венгрия, Беларусь және Израиль құрамалары .

Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын өз алаңында 2020 жылдың 9 желтоқсанында Венгрия құрамасына қарсы өткізеді. Қалған бес ойын 2021 жылдың қаңтар және сәуір айлары аралығында болады. 28 қаңтарда сырт алаңда Израильмен кездеседі. Одан кейін өз алаңында 2 наурызда Беларусьпен шеберлік байқасса, 8 наурызда сырт алаңда ойнайды. Ал 6 сәуірде сырт алаңда Венгриямен кездессе, 13 наурызда өз алаңында Израильді қабылдайды.

Айта кету керек, іріктеу кезеңі алғаш рет өз алаңында және сыртта болады. Құрамалар үш ойынын өз алаңында, үшеуін сыртта ойнайды. Іріктеу кезеңіндегі сегіз топта жеңімпаз атаған және екінші орындағы үздік нәтижеге қол жеткізген құрамалар финалдық кезеңге тікелей жолдама алады. Төртінші кезеңде екінші орындағы төменгі нәтиже көрсеткен екі құрама қосымша ойында кездесіп, бір жолдамаға таласады.