Гаитиде қарулы топ шабуылынан 12 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Қаза тапқандар арасында екі әскери қызметкер мен он бейбіт тұрғын бар, деп жазады Анадолы.

Гаитиде ел астанасы Порт-о-Пренске жақын жерде орналасқан Дельмас-30 аймағында ұйымдасқан қарулы топ шабуылында 2 әскер мен 10 бейбіт тұрғын қаза тапты.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қылмыстық топ мүшелері тұрғын үйлерге шабуыл жасаған. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда үйлер өртеніп, көптеген адамдардың үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғаны көрсетілген.
Шабуыл жасаған банда басында бұрынғы полиция қызметкері, «Барбекю» лақап атымен танымал Жими Шеризье тұр, делінген хабарда.
Ұлттық полиция, SWAT бөлімшелері және Бандаға қарсы уақытша бөлімшелер (UTAG) жүргізген операция барысында 5 банда мүшесінің көзі жойылған.
Гаити премьер-министрі Аликс Дидье Филс-Айме қауіпсіздік пен экономиканы жақсартпай елде сайлау өткізу мүмкін емес екенін атап өтті. Ол үкіметтің қауіпсіздікті қамтамасыз етуді міндеттейтінін баса айтты.
— Біз бандаларға қарсы соғысып жатырмыз, бұл үлкен ресурстарды қажет ететін соғыс, — деп қосты ол.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының мәліметі бойынша, 2024 жылы Гаитиде бандылық әрекеттер салдарынан 5,601 адам көз жұмған.
Гаитидегі қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін Кениядан 900 полиция қызметкері Африка басқаратын көпұлтты қауіпсіздікті қолдау миссиясына қатысу үшін елге келген.
Айта кетейік, БҰҰ бір аптада Гаитидің 200-ден астам тұрғыны көз жұмғанын мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ, желтоқсан айында Гаитидегі қырғында жүзден аса адам қаза тапқан болатын. Қанды қырғын Гаитидегі Сите-Солей елді-мекенінде болған. Wharf Jeremie бандысының жетекшісі Монель «Микано» Феликс «баламды дуалады» деп айыптап, жергілікті қарт тұрғындарды қырып салған.
Гаитидегі қылмыскерлердің жартысы — балалар.