Ғалым: Адам, жануар және қоршаған орта – үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Зооноздық аурулар яғни, малдан адамға жұғатын жұқпалы індеттер бүкіл әлемдік денсаулық сақтау саласына елеулі сын тудырып отыр. Осы орайда біз ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Батырбек Айтжановпен сұхбаттасып, ветеринария мен медицинаның ортақ тұстары, індеттердің алдын алу, вакцинаның маңызы және отандық ғылымның қазіргі жағдайы туралы әңгіме өрбіттік.

Батырбек Айтжанов
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

– Ветеринария мен медицинаның байланысы туралы айтып өтсеңіз. Бұл екі саланың мақсаты қаншалықты ұқсас?

– Ветеринария мен медицина – екі бөлек сала болғанымен, түпкі мақсаты бір: адамның өмірін және денсаулығын сақтау. Қазіргі таңда мал мен адамға ортақ жұқпалы аурулар көбейіп отыр. Мысалы, туберкулез, топалаң (сібір жарасы), бруцеллез, коронавирус инфекциялары – осының барлығы зоонозды, яғни жануардан адамға жұғатын ауру. Сондықтан малды емдеу мен қорғау – адамды да қорғау деген сөз. Бұл – бүгінде бүкіл әлем мойындап отырған One Health («Бір денсаулық») концепциясының негізі. Адам, жануар және қоршаған орта – үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты.

– Қазір індеттерге қарсы күресте ветеринар мамандардың рөлі қандай?

– Ветеринарияда профилактикалық шаралар жиі қолданылады. Өйткені ауруды емдеуге қарағанда, оның алдын алу экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді. Осы себепті, аурудың алдын алу үшін вакцина пайдаланылады. Ал адамдар ауырған жағдайда, оларды емдеуге болады. Сол себепті, медицина саласы көбінесе емдеу жағына көңіл бөледі. Қазір вакцина жасаумен айналысып жатқан ғалымдардың басым бөлігі – ветеринарлар. Олар микроорганизмдермен, вирустармен, бактериялармен көп жұмыс істейді. Қауіпті аурулардың таралу механизмін, қоздырғыштардың табиғатын жақсы біледі. Әрине, бұл салада биологтар, вирусологтар да бар, бірақ мал дәрігерлерінің үлесі айрықша. Ветеринарлар – практикалық иммунология мен эпидемиологияны жақсы меңгерген мамандар. QazVac вакцинасы – соның айғағы. Бұл вакцина қысқа мерзім ішінде жасалды. Әлемде бұндай жетістікке қол жеткізе алған елдер саны санаулы.

– QazVac вакцинасы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз. Бұл екпенің ерекшелігі неде?

– QazVac – инактивтелген вакцина. Яғни оның құрамында тірі емес, бірақ иммун жүйесін оятатын вирустың бөлшектері бар. Бұл өте қауіпсіз тәсіл. Оның басты ерекшелігі – отандық ғалымдарымыздың өз күшімен, шетелдік лицензиясыз жасап шығарғаны. Бұл вакцина COVID-19 індетінің ең қиын кезеңінде халықты қорғауға үлкен үлес қосты. Ең бастысы, бұл – қазақстандық ғылымның әлеуеті бар екенін көрсететін нақты дәлел. Қазақстандық ғалымдар өте талантты. Егер барлық жағдай жасалып, қажетті құралдармен қамтамасыз етілсе, біздің ғалымдар да көптеген жаңалық аша алады.

– Эпидемия мен пандемияның айырмашылығын көп адам шатастырып жатады. Осыған түсініктеме бере кетсеңіз.

– Иә, бұл жиі қойылатын сұрақ. Эпидемия – белгілі бір аймақта бір мезгілде көп адамға жұғатын ауру. Ал пандемия – бүкіл әлемге таралған індет. Мысалы, COVID-19 эпидемия ретінде Қытайда басталып, кейін бүкіл әлемге жайылғандықтан пандемияға айналды. Бұл екі терминнің айырмашылығы географиялық таралуында және әсер ету ауқымында.

– Малдан адамға жұғатын аурулар туралы халық арасында ақпарат жеткілікті ме?

– Әлі де жеткіліксіз. Қарапайым мысал – бруцеллез. Бұл ауру адамға сүт, ет өнімдері арқылы немесе ауру малмен байланыс кезінде жұғады. Әсіресе ауылдық жерде тұратын адамдар қауіптің мәнін жете түсіне бермейді. Сібір жарасы да сондай. Мысалы, сібір жарасы — өте қауіпті инфекциялық ауру. Қазақта бұл аурудың бірнеше атауы бар: «топалаң», «қара талақ», «жаманат», «қарасаң», «ақ шелек» — мұның бәрі малға жұққан сібір жарасын білдіреді. Ал адамға жұққанда, ауырған жеріне қарай «түйнеме», «күйдіргі» деп атайды. Бұл індеттермен күресу үшін тек ветеринариялық емес, санитарлық, ақпараттық жұмыстар да қатар жүргізілуі керек. Халыққа дұрыс түсіндіру – аса маңызды.

– Вакцина туралы қоғамда түрлі пікірлер бар. Кейбіреулер вакцинаны дәрі деп қабылдайды. Нақты түсінік берсеңіз.

– Вакцина – дәрі емес. Ол ауруды емдемейді, алдын алады. Вакцинаның құрамында ауру қоздырғышының әлсіретілген немесе белсенді емес формасы болады. Ол ағзаға енгізілгенде, иммун жүйесі қоздырғышты танып, соған қарсы антидене бөле бастайды. Кейін нақты ауруға тап болғанда, сол дайын антиденелер оны жояды. Яғни, вакцина ағзаны қауіпке дайын етеді. Шын мәнінде, вакцина дегеніміз — әр аурудың өзінің қоздырғышы. Мысалы, коронавирусқа — коронавирустың, туберкулезге — туберкулез қоздырғышы қолданылады. Кез келген қауіпті аурудың қоздырғышы қайта қолданылып, әлсіретілген түрде вакцинаға айналады. Бұл – ғылыми дәлелденген тиімді әдіс.

– Ауру қоздырғыштарын бейбіт және зиянды мақсатта қолдану туралы не айтасыз?

– Кез келген нәрсе екі мақсатта қолданылуы мүмкін. Бұл өте күрделі әрі маңызды тақырып. Микроорганизмдердің де екі түрі бар. Патогенді және сапрофитті. Патогенді түрлерін биологиялық қару ретінде қолдануға болады. Ал бейбіт мақсатта – олардан вакцина, дәрі, ферменттер, антибиотиктер өндіріледі. Мысалы, уран секілді: оны атом электр станцияларында пайдалануға болады, бірақ әскери мақсатта да қолдануға болады. Қазақстан – табиғи уран қоры бойынша алғашқы үштікке кіреді. Бірақ біз оны соғыс үшін пайдаланбауға уәде берген елміз. Сол сияқты микроорганизмдермен үнемі есептесу қажет. Әйтпесе, олар әлемдік деңгейдегі апатқа себеп болуы мүмкін. Коронавирус — ядролық және химиялық қарудан да қауіпті болып шықты. Ядролық немесе химиялық қару белгілі бір аймаққа ғана әсер етсе, вирус бүкіл адамзатқа қауіп төндірді.

– Адамға төрт түліктен жұғатын індеттерді ауыздықтау қаншалықты қиын? 

– Ең алдымен, диагноз дұрыс қойылуы керек. Бұл – емнің 50 пайызы. Егер диагноз дұрыс болмаса, қандай мықты дәрі қолдансаңыз да нәтиже болмайды. Қазіргі заманда зертханалық диагностиканың рөлі артты. Мысалы, ПТР тест, серологиялық сараптамалар  нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Осы арқылы тиісті ем немесе алдын алу шаралары тағайындалады.

– Сұхбат соңында оқырманға қандай кеңес айтасыз?

– Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген керемет нақыл бар. Осы сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Аурудың алдын алу – ең тиімді жол. Ол – вакцинация, тазалық сақтау, сапалы тамақ, уақтылы тексерілу. Әр адам өз денсаулығына жауапты. Ал мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар үшін – ветеринариялық қызметке сеніп, уақтылы екпе салдыру, профилактикалық шаралар жүргізу өте маңызды.

– Рақмет!

Соңғы жаңалықтар