Ғалым Павлодардың кейбір ауылдарында шыбын-шіркейдің не себепті қаптап кеткенін түсіндірді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметов өңірдегі шыбын-шіркейге қарсы күрестің жайын жақсы білетін маманның бірі. Ғалымның ақыл-кеңес беруімен жыл сайын арнайы мамандар тобы әуелі зерттеу жұмысын жүргізіп, одан соң өңдеу шараларына кіріседі.

Қанат Ахметов Ертіс өзенінің төменгі ағысындағы ауылдарда шыбын-шіркейдің неге құжынай бастағанын былай түсіндірді.
— Өзен ағысының профилі, яғни таралу ауқымы деген бар. Ертіс өзенінде ағынның таралу жылдамдығы әр жерде әртүрлі келеді. Ағыстарда шөгінді жер жыныстары бар. Олардың өзі құмды және сазды шөгін болып бөлінеді. Сазды шөгіндер аз. Көктемде еліміздің шығысынан су босатылғанда екпінді ағын осы шөгіндерді жуып өтеді. Павлодар облысындағыдай жайылмалы алқаптар өзеннің жоғары бөлігінде орналасқан Абай облысында да, төменгі ағыстағы Ресей жерінде де жоқ. Көктемгі мол су — біздің жеріміздің берекесі. Бірақ бұл жағдайдың екінші теріс факторы бар. Жаңағы шөгінділердің барлығы жуылып, онда жасырынған түрлі жәндіктердің жұмыртқалары мен дернәсілдері төмен жаққа аға береді. Географиялық тұрғыдан алғанда Павлодар қаласы Ақтоғай, Тереңкөл, Ертіс, Железин аудандарынан жоғарырақ орналасқан. Жоғары жақтан жылжыған шөгінділердің барлығы аталған аудандардағы жайылмаларға ағып барады. Ал жайылмадағы су үнемі қозғалыста тұрады, яғни баяу ағыс сақталады. Әлгіндей таяз жерлерде күн ысығанда шыбын-шіркейдің дернәсілдері жылдам дамып, қанаттанып кетеді. Әсіресе, шіркейдің дернәсілдеріне даму үшін баяу ағыс аса қажет. Сондықтан бұл төрт ауданда күн ысығанда қансорғыш жәндіктердің дүрк етіп көтерілуі заңдылық, — дейді ол.
Оның сөзінше, шыбын-шіркейдің барлығын жойып жіберу деген ұғым болмауы керек. Егер олардың популяциясын жою мүмкін болғанның өзінде жәндіктердің орнына басқа қансорғыштар келер еді. Мал-жанға жаудай тиетін шіркейдің дернәсілдерін уақтылы улау үшін биыл 9 сәуірден Ертіс өзенінің Түлкі, Қаратал, Қаратүн және тағы басқа сағаларына биологиялық препараттар құйыла бастаған. Осының нәтижесінде шіркейлердің санын айтарлықтай азайту мүмкін болған. Халықаралық стандарттар бойынша, егер улау іс-шаралары арқылы шыбын-шіркейдің санын 80 пайызға азайту мүмкін болса, ол нәтижелі деген сөз. Дезинсекциялық жұмыс ойдағыдай жүріп жатқанын білдіреді.
— Ғылыми топтың ақыл-кеңесімен әрекет етіп жатқан мердігер компания айтарлықтай жұмыс жүргізіп отыр. Мәскеудегі дезинфектология институты әзірлеген әдіс-тәсілдердің нәтижесі көңілден шығады. Ағынды суларда биологиялық препараттар ғана қолданылады. Дәрінің су жануарлары дүниесіне ешқандай теріс әсері жоқ. Тек қансорғыш жәндіктер онымен қоректенсе, қоректік жүйесі бұзылып, ауырып өледі. Ал тірі қалған 20 пайызы — өзеннің төменгі ағысындағы елді мекендерді мазалап тұрған шіркейлер сол. Оларға қарсы барьерлік, яғни химиялық препараттар себіледі. Өңдеу жұмыстары күн сайын үзбей жүргізіліп жатыр. Шыбын-шіркейдің көптігі елімізде мынадай стандартпен есептеледі: егер 20 минут ішінде адамның ашық тұрған дене бөліктеріне (бас, бет, мойын, қол, білек) 10-15 шыбын келіп қонса, төменгі белгілер деп қабылданады. Ал 25-30-ға жетсе, онда саны шамадан көп дегенді білдіреді 2006-2007 жылдары облыста бір дециметр аумақта шіркейдің 6 мың данаға дейін дернәсілі кездесетін. Өңдеу жұмыстары жыл сайын жүйелі жүргізіліп келе жатқанының нәтижесі болуы керек, қазір бұл норма 900-1000 данаға дейін төмендеген. Көлемін 6-7 есеге азайттық. Бұрын тек өңдеу шаралары Павлодар қаласында ғана жүргізілсе, 2017 жылдан бастап біздің ақыл-кеңесімізбен өзен бойындағы барлық елді мекенді қамтып келеді. Зерттеу тобының өкілдері әр ауданда бар, — деп қосты ғалым.
Мамандар шіркей мен сары масаның белсенділігі маусым айының екінші жартысынан бастап бәсеңдейтінін айтады. Дейтұрғанмен жекелеген жерлерде өңдеу жұмыстары жалғаса береді. Мысал үшін былтыр Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы улау жұмыстары шілденің ортасына дейін жалғасқан еді.
Еске сала кетейік, Павлодарда ауыл тұрғындарын сары маса мен шіркей талап жатыр.