Ғалымдар гипертонияны емдеудің жаңа әдісін тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Британдық ғалымдар жоғары қан қысымын емдеуге арналған жаңа препараттың тиімділігін анықтады. Зерттеу нәтижесінде баксдростатты ұзақ уақыт қабылдаған еріктілердің 25 пайызында дәріні тоқтатқаннан кейін де қан қысымы қалыпты деңгейде сақталған. Кейбір қатысушыларда бұл әсер екі жылға дейін жалғасқан, деп хабарлайды Report.
Бұл туралы Лондондағы Королева Мэри университетінің (QMUL) баспасөз қызметі хабарлады.
— Баксдростаттың клиникалық сынағына қатысқан еріктілердің денсаулығын қайта бақылау барысында осындай таңғаларлық әрі күтпеген нәтиже анықталды. Бұл бүйрекүсті бездерінің шамадан тыс белсенділігімен байланысты тұрақты гипертонияға шалдыққан науқастардың кем дегенде бір бөлігін осы мүшеге күрделі ота жасамай-ақ емдеуге болатынына үміт береді, — деді АҚШ-тағы Гарвард университетінің профессоры Мэйсон Фримэн.
Ғалымдар мұндай қорытындыға гипертонияны емдеуге арналған баксдростат препаратының клиникалық сынағына қатысушылардың денсаулығын қосымша бақылау барысында келген. Бұл дәрі бүйрекүсті бездерінің қызметі бұзылуынан туындайтын жоғары қан қысымын емдеуге бағытталған.
Баксдростат — альдостерон гормонының өндірілуіне жауап беретін CYP11B2 ферментінің жұмысын тежейтін шағын молекулалы препарат.
Бұл ферменттің шамадан тыс белсенділігі ағзада су мен тұздың іркілуіне әкеледі. Соның салдарынан бета-блокаторлар мен қан қысымын төмендететін қолданыстағы дәрілердің көпшілігіне көнбейтін гипертонияның ауыр түрі дамиды.
Өткен жылы аяқталған клиникалық сынақтар баксдростаттың альдостерон гормонының деңгейін екі есе төмендетіп, тәжірибеге қатысушылардың 40 пайызында қан қысымын қалыпқа келтіргенін көрсетті.
Айта кетейік, ғалымдар қан кетуді лезде тоқтататын ұнтақ ойлап шығарды.
Бұған дейін Қазақстанда әр екінші ересек адам артериялық гипертонияға шалдыққаны туралы жазған болатынбыз.