Ғалымдар Қазақстанның киелі әскери орындар картасын жасауды ұсынды
«Бізде киелі географиялық орындар көп. Ондай орындарға сарбаздар жерленген жерлерді айтпағанда, тіпті қаладағы нысандар, Мәңгілік алау, Жеңіс саябақтары, 1941-45 жылдары жауынгерлер соғысқа аттанған вокзалдарды да енгізуге болады. Біз Қорғаныс министрлігіне хат жолдап, қазақстандық әскери мемориалдардың киелі картасын жасауға көмектесу туралы ұсыныс жасамақпыз. Ондай орындар бізде бар. Мысалы, Алматыдағы бұрынғы АХБК комбинаты аумағы 1941 жылы қаланың шеті болып есептелген. Сол жерде панфиловшылар полкі жасақталған. 36-шы мектеп орнында соғыс кезінде медсанбат орналасқан. Талғарда дивизиялар жасақталған орындар бар. Бұл істе бізге Ауған соғысы ардагерлері мен Генералдар кеңесі көмектеседі» - деді ҚазАқпарат тілшісіне тарих ғылымдарының докторы, профессор Лайла Ахметова.
Айта кетейік, 2-ші Дүниежүзілік соғыс кезінде соңғы деректер бойынша 1 196 164 адам шақыртылған. Майдан даласында 601 939 қазақстандық қаза тапты. Қазіргі уақытта Алматы қаласында қалалық ардагерлер кеңесінде 216 мың зейнеткер бар. Қалада 670 ардагерлер ұйымы тіркелген.