Гамбург турнирі: Жібек Құламбаева іріктеу сайысының финалына шықты
ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 306-ракеткасы Жібек Құламбаева Гамбург (Германия) WTA 250 турнирінің іріктеу сайысында бастапқы ойынында жеңіске қол жеткізді.

Іріктеуде 10-ракетка болып тіркелген Ж.Құламбаева рейтингіде 445-орында тұрған германиялық Мина Ходжичпен кездесті.
Бірінші партияда Жібек 6:4 есебімен басымдылық танытты. Екінші сетте 2:5 есебімен жеңіліп жатып, қатарынан бес геймді өз есебіне жазды – 7:5.
Бір сағат 46 минутқа созылған тартысты матчта Құламбаева 13 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Ходжич 1 эйс, 5 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Жібек Құламбаева іріктеу сайысында, ресейлік теннисші, әлемнің 277-ракеткасы Мария Тимофеевамен негізгі жарыс жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Уимблдон турнирінің финалында сирек нәтиже тіркелгенін жазған едік.